БҰҰ декларациясына 70 жыл

13.12.2018

Көрулер: 258

ҚазҰУ-да «БҰҰ Адам құқығы жалпыға ортақ декларациясының» 70 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелде «БҰҰ адам құқықтары жалпыға ортақ декларациясының» қағидаттарын жүзеге асыру жөніндегі БҰҰ қызметіне қатысты мәселелерді талқылаған қатысушылар мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Дөңгелек үстел жұмысы G-Global халықаралық коммуникативтік алаңы арқылы сол сәтте жарыққа шығарылып, онлайн тәртібінде қолжетімді болды. Пікірталасқа Алматыдағы ҚР Сыртқы істер министрлігінің, БҰҰ, UNESCO, UNDP, UNAI бөлімшелерінің өкілдері, Қазақстан жоғары оқу орындарының жас ғалымдары және магистранттар мен докторанттар қатысты.

Дөңгелек үстелдің салтанатты бөлігін Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институтының директоры, профессор Рафис Абазов ашты. Шараны ұйымдастырушылар атынан ол барлық қатысушыларды бүгінде бүкіл өркениетті әлем атап өтіп жатқан айтулы күнмен құттықтады. Өз баяндамасында прфессор БҰҰ моделі — Жаңа жібек жолы сияқты Қазақстан жастар құрылымдарының Орталық және Оңтүстік Азиядағы бейбітшілікті нығайту және адам құқығын сақтау жөніндегі қызметіне талдау жасады. Сондай-ақ ол өз баяндамасында мәдениет, саясат, әлеумет стандарттарын белгілеудегі мемлекет рөлінің маңыздылығы, «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясының» қағидаттарындағы адамзат құндылықтарының әмбебаптығы туралы құнды мәліметпен бөлісті.

Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы Өкілдігінің Басшысы Бөлтіріков Руслан сөзін барлық қатысушыларды Декларацияны қабылдау күнімен құттықтаудан бастады. Ол БҰҰ мәжілісінде осынау ғаламдық маңызы бар құжат - «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясы» қабылданған 1948 жылғы оқиғаларды еске салды.

««Адам құқықтары декларациясындағы» адам құқығы идеялары соңғы 70 жылда төңкерісті мән-маңызға ие болды. Декларация қабылданғаннан кейінгі оқиғалар мен фактілер адам құқығы саласындағы 60-тан астам түрлі халықаралық құжаттарды қабылдауға түрткі болып, жағдай жасады. Бұл орайда 70 жыл ішінде Декларация өз маңызын жоғалтқан жоқ және күні бүгінге дейін бүкіл әлем жұртшылығы үшін әмбебап құқық қорғау бағдары болып келеді. Декларацияның әлемнің 500-ден астам тілдері мен диалектілеріне аударылуы кездейсоқ факт емес. Сөйтіп ол әлемдегі ең танымал құжаттардың біріне айналды. Бүгінгі таңда Қазақстан адам құқығы саласындағы барлық түйінді халықаралық тетіктердің барлығының қатысушысы болып табылады. Мұның өзі біздің ұлттық құқық қорғау жүйемізді дәйекті түрде нығайтуға деген берік ұстанымымызға айғақ болады» – деді Бөлтіріков Руслан. «БҰҰ Адам құқығы жалпыға ортақ декларациясының» 70 жылдығымен құттықтаған барлық қатысушылар бұл құжат әлі де бүкіл әлемнің дамуы үшін стратегиялық бағдар болып қала береді деп тарқасты.

www.kaznu.kz