Еуразия саммитіндегі көрме

20.02.2018

Көрулер: 1830

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ыстамбұл (Түркия) қаласында өткен жоғары білім беру бойынша Еуразия саммитінің (EURIE) жұмысына қатысты.

Саммит аясында ашылған білім беру көрмесінде ҚазҰУ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны ретінде өзінің жеке білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларын ұсынды.

ҚазҰУ павильоны шараның қатысушылары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналды. Олар университеттің жоғары жетістіктерімен, кең ауқымды білім беру бағдарламалары және қызметтерімен аса үлкен қызығушылықпен танысты.

Университеттің көрмелік экспозициясын саммит ұйымдастырушылары, түрік университеттерінің басшылары, студенттері мен оқытушылары, халықаралық ұйымдардың, профильді министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, оның ішінде Малайзияның Білім министрі аралап өтті және де ҚазҰУ-дың білім беру және ғылыми-инновациялық әлеуетіне жоғары баға берді деп атап өтті ҚазҰУ делегациясының басшысы профессор Мехмет Арслан.

Іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы Мұстафа Айдын ҚазҰУ-дың павильонымен танысу барысында түркі халықтарының Дүниежүзілік конгресі тарапынан түркі мемлекеттерінің ең үздік жоғары оқу орны деп танылған қазақстандық университеттің көрмеге қатысушылардың арасында болуын ерекше ризашылықпен атап өтті.

EURIE жоғары білім және ғылым бойынша әлемдегі үшінші ірі көрмелік алаң болып табылады. Оның мақсаты – Еуразия аймағының зор ғылыми-білім беру әлеуетін әлемге кеңінен таныту, сондай-ақ Түркия мен Еуразия елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті барынша дамыту.

 

Баспасөз қызметі