Экстермалды журналистика

08.02.2018

Көрулер: 1395

ҚазҰУ-дың әскери кафедрасы базасында экстермалды журналистика бойынша «Әскери дискурс» семинары өтті.

Семинардың негізгі мақсаты - әскери журналистика саласында білікті мамандар даярлау. Болашақ журналистерді қарулы қақтығыстар мен оқыс жағдай орын алғанда және лаңкестік актілерді түсіндіру жұмыстарына оқыту үшін ҚР Қорғаныс министрлігі арнайы ұйымдастырылып отыр.

Семинарға ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, әскери кафедра қызметкерлері және осы салаға қызығушылық танытқан барша студенттер қатысты.

Шара аясында ҚР Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникация департаментінің бастығы 1-дәрежелі капитан Бурамбаев Серік қазіргі заманғы жағдайда ақпараттық қамтамасыз етудің және журналист жұмысының маңыздылығына тоқталып өтті. Ақпарат алмасудағы өзара іс-қимылдың және байланыстың тәртібі туралы ҚР ҚМ Ақпарат және коммуникация департаментінің бөлім бастығы аға лейтенант Омарова Жансая егжей-тегжейлі айтып берді.

«Бүгінгі әлемде қарулы қақтығыстардың көбейіп, геосаяси ахуалдың шиеленіскен кезеңінде тек әскери қызметкерлердің ғана емес әскери журналистиканың да қызметі басты сұранысқа ие. Сондықтан да біз болашақ журналистке әскери іс-қимыл кезінде орын алатын қиындықтарды хабардар ету мен айла-амалдарды дұрыс қолдана білуді үйрету біздің басты міндетіміз»,- дейді әскери нұсқаушы капитан Бекарсланов Руслан. Семинар барысында студенттер болашақ журналистердің текетірес ошағында жұмыс істей жүріп, қалай жан сақтауды, сонымен қатар сапалы ақпараттық материалды дайындауды меңгерді.

«Әскери журналистика маған өте қызық. Оқуымды тәмамдаған соң осы салаға бет бұрсам деген жоспар бар. Бүгінгі семинар мен үшін кәсіби тұрғыда дамып, осы саланың қыр-сырын түсінуге мүмкіндік бергені үшін Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне шексіз алғыс білдіремін»,-дейді журналистика факультетінің 3 курс студенті Азат Арғынбек.

Үш күнге созылған семинар барысында әскери қызметші нұсқаушылар теориялық және практикалық сабақтарда болашақ журналистерге қарулы қақтығыс аймақтарында жұмыс жасау негіздері мен әртүрлі әскери амал-тәсілдерді үйретті.

ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған семинардың практикалық бөлімі 32356 әскери бөліміне саяхат жасаумен аяқталды. Студенттер онда Жауынгерлік Даңқ мұражайында болып қайтты.

Баспасөз қызметі