Жаһандық рейтингтердегі ҚазҰУ-дың жаңа белестері

11.12.2017

Көрулер: 1936

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік білім кеңістігіндегі жоғары бәсекеге қабілеттілігін кезекті рет дәлелдеді. Беделді Round University Ranking (RUR) рейтингтік агенттігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан пәндік рейтингтен алғаш рет көрінуде және оған енген жалғыз университет – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болып отыр.

ҚазҰУ әлемнің 761 жетекші жоғары оқу орны арасында гуманитарлық ғылымдар бойынша 448-орын, медициналық және жаратылыстану ғылымдары бойынша, сәйкесінше, 411 және 563-позицияларға ие болды. RUR рейтингі 6 пән саласы бойынша үздік университеттерді бағалау жүйесі ретінде құрылған: гуманитарлық, жаратылыстану, техникалық, қоғамдық, биологиялық және медициналық ғылымдар. RUR рейтингіне ЖОО мәліметтерін халықаралық Thomson Reuters компаниясы деректерді арнайы зерттеу – Global Institutional Profiles Project (GIPP) арқылы ұсынады. Сауалнама жыл сайын жүргізіледі және әлем бойынша 850-ге жуық жетекші университеттерді қамтиды.

Қазақстандық жоғары оқу орнының тағы бір танымал жаһандық «UI Green Metric Ranking of World Universities – 2017» рейтингіндегі көшбасшылық орны нығая түсті. Аталған рейтингте 13 позицияға ілгерілеп, ҚазҰУ 186-орынға көтерілді және әлемнің 200-топ «жасыл» университеті қатарына кірген қазақстандық жалғыз оқу орны болып қала береді.

Бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атақты «Great Value Colleges» халықаралық ұйымының зерттеулері нәтижесінде 31-орынды иеленіп, әлемнің технологиялық жағынан ең дамыған 50 университетінің қатарына енген болатын. Онда ҚазҰУ ТМД бойынша қатысушы елдер арасында ғана емес, Шығыс және Орталық Еуропаның жалғыз өкілі болып, тұтас Азия континентінен Сингапур және Жапониямен қатар қатысты.

 Айта кетерлігі, қазақстандық жоғары оқу орнының жаһандық QS World University ретингіндегі таңғаларлық табысы көптен бері халықаралық сарапшылардың назарында. Бұл әлемге танымал рейтингте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 5 жыл ішінде 350 орынға алға жылжыды және Орталық Азия мен Қазақстан ЖОО-лары арасында алғашқы болып әлемнің ең үздік 250 университеті қатарына қосылды. Рейтингте ҚазҰУ-дың әлемнің 800 үздік университеті ішінде 236-орынға тұрақтағаны белгілі. Бұл топқа ТМД елдерінен тек екі ЖОО – Ломоносов атындағы ММУ мен ҚазҰУ ғана енді. Халықаралық QS рейтингінде алға жылжу бойынша бірегей тәжірибені алыс және жақын шетелдердің көптеген университеттері делегацияларын ҚазҰУ-ға арнайы жіберу арқылы өздерінде қолдануда.

Университеттің әлемдік аренадағы жоғары танымалдылығы оның инновациялық жобаларымен де тығыз байланысты. Олардың аса маңыздысы – жаңа ұрпаққа арналған ЖОО дамуының жаңа 4.0 университет үлгісін енгізу. Оның негізі инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік тұғырнамалардың үндестігіне сүйенген «Al-Farabi University smart city» тұжырымдамасы болып табылады.

 

Баспасөз қызметі