Байрақты бәсеке

05.11.2017

Көрулер: 721

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ұлттық жастар көкпар лигасы өтті. Спорттық шара Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде жүзеге асуда.

Елбасы мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұлттық ойынымыз қайта жаңғыруда, бұл бастаманы жұртшылық қоғам болып қолдап отыр. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы сөйлеген сөзінде атап өткендей, көкпар тарту ойыны өскелең ұрпақтың бойына қайсарлық, ептілік, намсышылдық, отансүйгіштік сынды асыл қасиеттерді қалыптастырады. Онымен қоса, ұлттық спорт ойындары жас буынның салт-дәстүр, әдет-ғұрпын жадында сақтауына оң ықпалын тигізбек. Қандай да халық болмасын өз шыққан тегі, түп тарихын тану арқылы болашаққа батыл қадам басып, қыран құстай қанатың кең жаятыны анық.

Көкпар - күш-жігерді, төзімділікпен табандылықты қажет ететін қазақтың ұлттық ойыны. Байыптылықпен ақылға жүйеленген тұғырлы тартыстың өз ретінде философиялық мәні зор. Кіл жүйріктердің аламан додасына ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ спорт және туризм академиясы және Алматы Энергетика және байланыс университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері қатысып, сынға түсті. Бес жоғары оқу орнының өр, рухты жігіттерінің байрақты бәсекесінде ҚазҰУ 9:4. есебімен бастапқы үш раундта ҚҰАУ университетін басып озды. Сонымен қатар, ҚазҰУ студенттері 5:0 есебімен Алматы энергетика және байланыс университетінен алға шығып, жеңіс биігінен көрінді.

Дүбірлі доданы ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы жарыста қазақтың ер-жігіттері өз мықтылығын барынша дәлелдеді. Атап өту керек, студенттерді дайындау барысында әрбір университетте ұлттық лигамен бірлескен спорттық клубтар құрылған. Ұлттық ойынды спорттық ойынға негіздеу барысында арнайы дайындалған серке макеті қолданылды, ал бетоннан жасалған қазандықтың орнына іші шөппен толтырылған, сырты жұмсақ матамен қапталған қазандық орналастарлыған екен. Ұлттық Жастар лигасын құру бастамасының авторы Данияр Дәукей көкпар тартысының қазақ жылқысының көне тұқымы қарабайырлармен өткізіліп жатқандығын айтады. Ол келешекте көкпар ойынын танымал әрі тағылымды спорт түріне айналдыруды мақсат тұтады. Бастама авторы ойыншылар сонда ғана халықтың ұлттық батырларына айналады деп сенім білдірді.

Баспасөз қызметі